09.03.2022
  244


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЙ, ҚАСЫМХАН!

Көңіліне көп сырды түйе білген,
Түркістанның жерінде кие жүрген.
Ақын болмай тұра ма бұл жалғанда
Абыздардың жаралған сүйегінен.
Арманыңды ақ самал тербеткенде,
Ақын болсын деді ме ержеткенде.
Махаббатың ауылда жылап қалған
Алматыға жыр қуып сен кеткенде.
Татулықты ұғынған көрші арқылы,
Кімге қуат бермеген дос ақылы.
Көше ақыны болғам деп қапалан ба,
Шындықты айтар қашанда көше ақыны.
Егескенде тақымын бұрап алған,
Кімге опа көрсетсін мына жалған.
Сағыныштың көзінен тамып кетіп,
Жалғыз тамшы шығарсың тұна қалған.
Бірақ неге шайқалсын шаңырағың,
Көкірегіңде бұрқанып жатыр ағын.
 Мүмкін терек шығарсың орманда өскен
Дауыл жұлып көрмеген жапырағын.
Торығанда заманның қасқыры ұлып,
Жанарыңа көрмеді жас тығылып.
Мүмкін тұлпар шығарсың кім біледі,
Кетілмеген тұяғы тасқа ұрылып.
Өр кеудеңде туласа жыр асылы,
Жанарыңда жарқылдап тұр жасыны.
Ей, Қасымхан!
Тегінде сен шығарсың
Қасымның келер деген бір Қасымы!





Комментарии

Қасым хан
Қасым хан 10.03.2023 10:31
Өлең

Пікір жазу