ЖҮЗ ЖАСА
Жаңғара Дәдебаевқа
Тағдырының бораны бұрқағанда,
Кімдер қайғы кешпеген сұр ғаламда.
Туған бала сен едің,
Әкең сенің
Тәңіріден жалынып сұрағанда.
Қасарғанда сазарып мына жалған,
Тәңіріден сені әкең сұрап алған.
Жылағанда көзінен тамып кетіп,
Мүмкін жасы шығарсың тұна қалған.
Көсегесі көктемнің көгергенде,
Өрге жүзіп келесің өнерлі елде.
Көңілімді жаңғыртқан сен едің-ау,
Күздің күрең кешіндей көнергенде.
Көшің сенің жол тартып күнге қарай,
Жанарыңда жарқылдап күлген арай.
Арсыз жандар араға от салмаса,
Болашаққа бармаймыз бірге қалай.
Туған елдің айналып тірегіне,
Ей, Жаңғара, жетесің тілегіңе.
Құдай менің кеудеме өлең құйып,
Құдай сенің жыр жазған жүрегіңе.
Жеткен талай кезімде мұңға батқан,
Көңіліңде өзен көп жырлап аққан.
Сені неге ендеше қорғамасын
Ақ жолбарыс кеудемде тулап жатқан.
Өр Таластың сен болсаң бір белесі,
Мен емес пе желкенді жыр кемесі.
Жамбыл атаң секілді жүз жасағын
Қараулықтың дарымай сұр жебесі.