09.03.2022
  147


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАРА ЖАТСАМ ЕГЕР ДЕ АЛАСАРЫП


Астананың жанары сырға тұнып,
Қайыңдары билейді бұратылып.
Есіл өзен – Құс жолы шығар, бәлкім,
Түсіп қалған жанына шұбатылып.
Бес қаруым бойымда сай тұрғанда,
Қара орманды Қаратау қай тұлғам да.
Оу, Астана!
Ақ нұрдан жаралдың ба,
Аспаныңда толықсып Ай туғанда.
Үміт артып, үкілі түлегіне,
Жандар аз ба ер салған күреңіне.
Ару қала әлемде бар ма өзіңдей,
Туған елдің айналған жүрегіне.
Төрт түлігі қырына түлеп, өрген
Ата қазақ өмірге күле келген.
Асқақтаған Астана білсең егер
Бабалардың рухы еді түрегелген.
Көңіліме қайтемін мұң жасырып,
Аймалайды мойныма нұр асылып.
Төбесінде желбіреп Көк Байрағым
Айбынымды әлемге тұр асырып.
 Кең болғасын алаштың сардаласы,
Арыстарды көп туған арлы анасы.
Бәйтеректің басына шықсаң егер
Көрінеді жаһанның бар қаласы.
Сардаланың төсіне қала салып,
Той тойлаған ел едік, қара шалып.
Саған барып қайтамын нұрлы Астанам,
Бара жатсам егерде аласарып.
* * *
Сезіп келем мені елім түлеткелі,
Мына қауырт заманның күні өтпелі.
Көңілімнің көпірі бұзылса да,
Өмірімнің ашылып тұр өткелі.
Көз алдымнан жөңкіліп сағым қашқан,
Күндер қайда күркіреп бағымды ашқан.
Бір ақ дауыл кеудемнен көтеріліп.
Найзағайдан жай тартып жалын шашқан.
Тамырымда бұлқынып жатқан ағын,
Неге елесін түксиген жат қабағын.
Жүрегімді түсінгің келсе егерде,
Ашып оқы жанымның ақ парағын.
Тал бойыма шымырлап нұр сіңгенде,
Күмбірлейді күй тартып тылсым кеуде.
Жетем ылғи кеудеме күн қондырып,
Туған елім қайғы ойлап күрсінгенде.
Асқар таулар алыстан мұнартқалы,
Жүрген қанша туымды құлатқалы.
 Бозінген ел боздаса алда-жалда
Мүмкін туған шығармын жұбатқалы.





Пікір жазу