ЖАЛҒЫЗДЫҚТЫҢ МҰҢЫ
Болашаққа көш түзеп ұмтылғалы,
Жанарыма бұл қалай мұң тұнғаны.
Қалың елдің ішінен көп сарсылдым,
Азаматты таба алмай нұр тұлғалы.
Қуатынан құлпырып жер түлеген,
Арқар кеуде ер қайда ел тілеген.
Елім кейде ұқсайды қара орманға
Қарағайы қырқылып селдіреген.
Зауал туған көңілді мұң басатын,
Күндер қайда күркіреп қырға асатын.
Құлазыған кездерім аз емес-ау,
Ел ішінен дос таппай сырласатын.
Жара бар ма сыздаған жүрегімде,
Күңіреніп жыр жазам күрең күнде.
Қалың елдің ішінен дос таппаған
Жалғыз кісі шығармын бұл өмірде.
Уақыттың сызы өтіп табанымнан,
Суық ызғар ұстайды тамағымнан.
Ел ішінде жүрсем де,
Келеді әлі
Жалғыздықтың мұңы өшпей жанарымнан.
Содан, сірә, көңілім сілкінеді,
Көгімнен де бұлт көшіп дүркіреді.
Қарғаларға қосылмай
Жеке ұшатын
Мүмкін қыран шығармын кім біледі.
* * *
Өмірімді өлеңге арнағалы,
Жұлдызымның бұл қалай жанбағаны.
Сағыныштың сары атын ерттеп мініп,
Ауылыма көп болды бармағалы.
Кемелері қол үзген жағадайын,
Неге мені іздесін ара ағайын.
Кейде өзімді сезінем,
Елді ұмытып,
Жатқа сіңіп, жоғалған баладайын.
Асқар тауым соғыста құлағалы,
Аз ба мені тағдырдың сынағаны.
Анам өліп, жол тартқан құба белге,
Көңілінің сарқылып бұлақ әні.
Тал бойымда күн бар ма қан қызбаған,
Көтере алмай қайғыны жан сыздаған.
Жетім қорған секілді көрінемін,
Жар басында жарбиып жалғыз қалған.
Тауым қайтып, жігерім шағылғанда,
Не істеймін жүрегім қабынғанда.
Түсетұғын үй таппай сарсыламын,
Барсам егер ауылға сағынғанда.
Көңіліңді мұнар мұң торлағасын,
Оңашада торығып толғанасың.
Ауылыңа барғың да келмейді екен,
Түсетұғын бір үйің болмағасын.