ҚАҢҒЫБАС
Көңіл күйі келгенде шабыттанған,
Жігіт еді кей-кейде шалқып та алған.
Қаңғыбасқа айналды бұл күндері,
Тұрақ таппай көшеде қаңғып қалған.
Құбыладан ызғарлы жел тұрғалы,
Азаматқа айналып ер тұлғалы,
Ел қыламын қазақты деп жүргенде,
Ішіп кетіп бұл қалай жер қылғаны.
Жанның бәрі жасық боп жаратылған,
Сынады ма, кім білсін, қанатынан.
Жігіт еді кезінде
Көңілінің
Терезесі ел жаққа қаратылған.
Тас тағдырдың құйыны суырғанда,
Не істейді көңілі суынғанда.
Ара түскен бір пенде табылмады,
Қызметтен жазықсыз қуылғанда.
Қанша азамат болса да нұр тұлғалы,
Кімге дәрі жалғыздың бұлқынғаны.
Күшті топтар тағынан тайдырған-ды,
Сағын мүлде жігіттің сындырғалы.
Содан, сірә, жете алмай тілегіне,
Азғындықтың жол тартқан түнегіне.
Көтере алмай ақыры ішіп кеткен
Зілдей салмақ түскенде жүрегіне.
Ішпей енді қайтеді күйінгенде,
Жанашыры жоқ болса дүйім елде.
Ақырында санасын арақ улап,
Кете барған қуылып үйінен де.
Содан оның көзінде мұң жүреді,
Қай қазақ кеп үмітін үкіледі.
Ей, ағайын, жігітті жазғырма деп,
Бір жанартау кеудемде сілкінеді.
Қиянатқа төзе алмай ішіп кетіп,
Қаңғып қалған ер шығар кім біледі.