ДӘРІГЕРГЕ МҰҢ ШАҚҚАНДА
Бекмахан Құралбаевқа
Толқын тулап жататын тереңінде,
Дәрігер аз өзіңдей неге елімде?
Дертке ұрынса,
Келесің емдеп жазып,
Туған жердің талын да, терегін де.
Қайда туып, қайда өстің - ел біледі,
Тұлым шашың ту болып желбіреді.
Сені нұрдан жаратып, тудырғаны –
Жаратқанның құз кеуде ерлігі еді.
Қуат беріп күдерін үзген ерге,
Ақ кеменің бірісің жүзген өрге.
Кеудесінде күні бар азаматсың
Жүрегінің сәулесі түскен елге.
Момын жұртқа тұрса егер жау шапқалы,
Неге қорған болмасын тау шатқалы.
Өміріме сен едің ара түскен
Сұлатқанда сұм ажал қаусатқалы.
Сен бар жерде көгімнен күн күледі,
Сен бар жерде бусанып қыр түледі.
Сырқатымнан сен емдеп жазбағанда,
Бәлкім,өліп кетуім мүмкін еді.
Найзағай боп күркіреп күрең күнде,
Өрт жалының алаулап тұр өңімде.
Емделсем де жазылмай келе жатқан
Бірақ та әлі бір дерт бар жүрегімде.
Талды тербеп көк майса өңірде өскен,
Самал қайда аймалап көңілді ескен.
Адам қалай жазылсын сырқатынан
Мына сырқат қоғамда өмір кешкен.
Жаным кейде құлазып, түңіледі,
Сай-сүйегім сырқырап үгіледі.
Сырқат қоғам дертінен айыққанда,
Жазылатын шығармын, кім біледі?!