АЛАМАНҒА АТ ҚОСТЫМ НЕМЕСЕ АКАДЕМИК СЕЙІТ ҚАСҚАБАСОВ АҒАМЕН СЫРЛАСУ
Көп зиялы жүргенде жанын бағып,
Ізгіліктің жүгірдің шамын жағып.
Архивтерден тірілтіп сен шығардың
Талай көне тарихтың шаңын қағып.
Көкке қарай самғаған қаршыға әні,
Туған елдің өзіңсің нар шынары.
Мүмкін келген шығарсың дүниеге
Қарт тарихты тозаңнан аршығалы.
Өзіңді аға, жүрген соң күнде көріп,
Көңілімде тұра ма жыр бөгеліп.
Адал болып тумасаң–
Ақ періште
Кіндігіңді кесе ме түнде келіп.
Өлең болып өмірің өрілгенде,
Күнің шықты тауға өрлеп көңілді елде.
Адалдық па деп қалам келе жатқан
Төбең сенің алыстан көрінгенде.
Сардар ерсің тұнығы шайқалмаған,
Жорға бар ма алдыңда тайпалмаған.
Жүрегіңнің нұрына суарылып,
Орман бар ма кеудеңде жайқалмаған.
Шындықты айтып көз жұмсам арман бар ма?!
Ақ жағалы ағалар айта алмаған.
Қара қытай тұрғанда қаптағалы,
Аға, неге қазақтан жат бағалы?
Алпауыттар еліңде жүрген жоқ па,
Алты Алаштың өр рухын таптағалы.
Жүрген жоқ па балықтай қақтағалы,
Неге ендеше қазақтан жат бағалы?
Елге адал болса егер неге бұлай
Азаматтың барлығы ақ жағалы?!
Сарқылатын заман ба бұлағы елдің,
Сізге сенем бірі деп тұлғалы ердің.
Мерт бола ма бәйгеге қоссам егер,
Кісінетіп құлынын Құлагердің.
Кімді көздеп атпады құла мерген,
Жұртпыз, бәлкім, қастықты мұра көрген.
Алда-жалда туса егер бір Құлагер
Қара құздан қалайда құлап өлген.
Шындық егер жоқ болса көшелі елде,
Серттен таймай тұра ма көсем ер де.
Қай Құлагер өледі құздан құлап,
Адалдықтың жүрегі төселгенде.
Сұм жалғанның сілтеніп қайқы алмасы,
Ер жігіттің қалмаған қайда басы.
Аламанға ат қостым
Күтсе де алдан
Қараулықтың қайралып айбалтасы.