09.03.2022
  169


Автор: Рафаэль Ниязбек

МҰҢЫҢДЫ ЖОҚТАП ЖҮРГЕНДЕ


Ел билеп жақсы, жаман да,
Желбірейді туым алаңда.
Күн кешіп келем қыздардың
Кіндігін ашқан заманда.
Қарайып қаным жүргенде,
Ара түсті ме бір пенде.
Арыс туатын арудың
Етегін жат қол түргенде.
Құнарлы байтақ жерімде,
Күйзелмей қайтем тегінде.
Қыздарды қорғай білетін
Ер жігіт жоқ па елімде.
Жанарым жасқа тұнғанда,
Қайтеді шөкпей тұлғам да,
Өлгендер көрде өкіріп,
Бейіттер жылап тұрғанда.
Жұлдызы жаңа жанғанда,
Өлгендер қанша арманда.
Күйзелмей қайтем
Аналар
Аңырап жұртта қалғанда.
Көкорай шалғын көк белде,
Күйзелдім талай көктемде.
Қараулықтың қара семсері
Қабырғамды шауып сөккенде;
Бауыры бүтін қазақтың
Бауырын тіліп өткенде.
Мұратқа кімдер жетті елде,
Кеудеден тағдыр тепкенде.
Күйзелдім талай қазақтың
Сатылып жері кеткенде.
Тіршілік барда солатын,
Көкірекке шер көп толатын.
Егеулі найза ер қайда
Еліне қорған болатын.
Көгімнен жұлдыз аққанда,
Күңірендім талай ақпанда,
Ақырып теңдік сұраған
Түрмеде шіріп жатқанда.
Садағын тартқан шындықтың,
Қасиеті қайда бұл жұрттың.
Арыстар кімнен өлмеді,
Аузында жүрген мылтықтың.
Қолымды жоқтық байлаған,
Бес қаруым қайда сайлаған.
Ерліктің өшпес іздері
Даламда сайрап жатқанда
Ел ішін ездік жайлаған.
Ел билеп жақсы, жаман да,
Күн кешіп келем қаламда,
Халықтың мұңын жоқтаған –
Жоғалып жатқан заманда.
Жайқалып өсіп терегім,
Тасқынға толып кемерім,
Мұңыңды жоқтап жүргенде
Жоғалтып алма мені елім.




Пікір жазу