09.03.2022
198
ШАРАСЫЗДЫҚ
Жақсылыққа бола туғам өзім де,
Ақ найзағай жарқылдайды сөзім де.
Кейде бірақ уәдемнен шыға алмай,
Шарасыздық шатынайды көзімде.
Жас күнімде бірге адасқан сағымда,
Достар әлі жүрген жоқ па жанымда.
Озып келе жатқан атым мертігіп,
Шарасыздық буырқанған қанымда.
Қалжыраған қартқа талай күш берген,
Жігіт қанша үйде туып, түзде өлген.
Жазықсызды ақтай алмай қалғанда,
Шарасыздық тал бойымда тістенген.
Тіршілікте көңіл қалып суыған
Қиянатқа кімнің іші жылыған.
Өкіметке сөзім өтпей,
Ішімде
Шарасыздық бөрі болып ұлыған.
Ар алдында айылын кім жимаған,
Жұрттың бәрі құзырлыны сыйлаған.
Қолдан келмес шаруаға ұмтылып,
Шарасыздық талай мені қинаған.
Қилы шақта пана болған орманы,
Азамат ер туған елдің қорғаны.
Жау төнгенде
суырылмай қылышым
Шарасыздық қинамаса болғаны.