09.03.2022
  325


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚЫЛЫШТЫҢ ЖҮЗІ

Шәмшидин Паттеевке
Тасқын егер кезіксе жүзіп өтіп,
Елім талай ұшырған құс түлетіп.
Ойлы Ойықтың аруын құшқан күні –
Күрең мінген жігітсің кісінетіп.
Саған тиген айналдым қарындастан,
Көңіліңнің бораған шаңын басқан.
Ойлы Ойықтың сол қызы болар, бәлкім,
Айдыныңды асырып, бағыңды ашқан.
Туған елдің айналып намысына,
Кеме салдың заманның ағысына.
Тас қоғамда күн кешіп жүрміз әлі,
Түн жамылып оқ атқан арысына.
Сөнбей жанып тұрғанда көкте күнің,
Елге неге жетпесін көктем-үнің.
Ер жігіттің бірісің бұл күндері,
Қаны ойнаған бойында көк бөрінің.
Сайын дала төсінде нұр ағылған,
Азамат көп анадан бұла туған.
Қазақ – қылыш болса егер,
 Жүзі – сенсің
Найзағайдың шоғына суарылған.
Атқа ақырып қонатын дүрбелеңде,
Ерлер аз ба елеусіз жүрген елде.
Ей, бауырым!
Қылыштың жүзі болсаң,
Өтпей қалып жүрмегін сілтегенде!





Пікір жазу