09.03.2022
  271


Автор: Рафаэль Ниязбек

АНА ҚАСІРЕТІ

Жатырына суырған құм байланып,
Жалғыз мен бе сорлаған тумай қалып.
Қалай туам –
Құлаған зымыраннан
Аспан асты жатқанда уға айналып.
Арманымды жүрсем де алға асырып,
Келем әлі жете алмай таңға асығып.
Қалай туам –
Құлаған зымыраннан
Туғандарым жатса өліп талға асылып.
Ауаны улап, даланы бүлдіргелі,
Зымырандар қатер боп тұр бүргелі.
Пойыздардың астына түсіп өлген
Жас бүлдіршін қыз қанша бұл күндері.
Туған елдің бүлініп тұнықтары,
Сырқырайды үйлердің сырықтары.
Ажал болып көзіме елестейді,
Ракетаның шашылған сынықтары.
Қасиеті тұрса артып көргенді елдің,
Өмірінің шырағы сөнген бе ердің.
Тумайды деп жазғырма мені, ағайын,
Санын қайтем көбейтіп өлгендердің.
 Тарғыл тағдыр қызығын бұлдағанда,
Не істеймін булығып тулағанда.
Туған бойда у ішкен ұрпақтардан
Тумағандар бақытты бұл заманда.





Пікір жазу