09.03.2022
  150


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТҮЙЕЛЕР

1
Түйелермен қоштастық тұштаңдасып,
Оған деген көңілден құштар қашып.
Қара күштің атасын ұмыттық-ау,
Рельс тасып жол салған,
Шпал тасып.
Көз алдымнан жүгірген жылдам қашып,
Жазық дала белеңнен, қырдан да асып,
Бозінгенді боздаған ұмыттық-ау,
Шойын жолға тас тасып, құм да тасып.
Төзім бар ма, сірә, оның төзіміндей,
Сезім бар ма, сірә, оның сезіміндей,
Паровозға ығысып жол береді,
Өзі салған жолмен де өзі жүрмей.
Түн жетілген қатайып, күн жетілген,
Бұрын оның қағатын кім бетінен?..
Кемелерге жүктеді...
Босатылып
Тұз бен балық таситын міндетінен.
Қара атандар тұрғанда қуатында,
Түк емес-ті құс қанат құла атың да.
Есесіне сыра ішіп,
Жанға шипа –
Менсінбеуге айналдық шұбатын да.
 Қол жетті деп паровоз құландарға,
Желіктік те желбуаз ұрандарға,
Түйелерді шығардық демалысқа,
Иір мойны теңеліп крандарға...
Желіп жүріп борпылдақ боз даламда,
Қайдағыны шерлі үнмен қозғағанда,
Жүйкемізді кеміріп бітті-ау деп те,
Жақтырмадық, жарықтық, боздағанда.
Көшіп жүріп даланың құм, тасында,
Ала білген жүнін де, шудасын да,
Бозінгендер тұқымын мүлде аздырдық,
Бұрқ-сарқ етіп қайнаған бурасын да.
Қол үздім деп тірліктен қалған жасып,
Ауызынан ақ көбік “шампанды” ашып,
Түйелер – иір мойын кемелерім
Маң далада барады маң-маң басып.
2
Шара бар ма мезгілдің сарабына,
Топырлатып ап келген Ар алдына.
Қайта оралған көліне аққулардай,
Түйелер де оралды Аралына.
Тыныс қосып тірліктің тынысына,
Көмек берген жандайын туысына,
Бұлшық еті даламның секілденіп,
Қара атандар кірісті жұмысына.
Өткен-кеткен жайларды толғағанда,
Тағдыр иіп, шіркінді қолдаған да.
 Құмда қалған кемелер қайтер еді,
Күш атасы – қара нар болмағанда?!
Аймақта да сор жауып көп тапталған,
Жүре шалып жантақты,
Оттап та алған,
Қанша Бура жүр сүйреп
Паровозды
Моторы өшіп, жүрегі тоқтап қалған.
Жолға шығып көз ілмей ала таңнан,
Сөйтіп ылғи өздері дара атанған,
Қанша “ЗИЛ”-дер батпақтан аман өтті
Мың киловат күш дарып қара атаннан.
Омырауын төсеген желге шалқып,
Қара атандар ел жүгін келген артып.
Тоқтап қалған қаншама Тіршілікті
Бура күшпен келеді өрге тартып.
Көкірегімде бір ағыс жайлап ағып,
Шым-шытырық отырмын ойда қалып...
Бірте-бірте осылай бәз қалпына
Келмесін тек дүние қайта айналып.





Пікір жазу