09.03.2022
141
ТЕҢІЗ ҚАЙДА
Теңіз қайда кешегі сайрандаған?
Бүгін жортып құйын жүр тайраңдаған.
Құмға шөккен түйелер секілденіп,
Кеме қанша сол құмда қайраңдаған?!
Жұлмаланған кемелер, кетіктеніп,
Жағалауға асығыс жетіп келіп, --
Түйе құсап ауырлау шөкті ме әлде,
Белуардан сор құмға кетіпті еніп.
Жібергесін жағаға сырғанатып,
Қалар дейсің қажетке кім жаратып?
Су тартылып,
Тірлігі тоқтамаса,
Тұрмас еді кемелер құмға батып.
Көрсетпесе егерде күшін өрде,
Қажет емес ұсақ та, ірілер де.
Кемелердей тастайды құмға аунатып,
Тимесе егер бір пайдаң тірілерге.
Шөлден өліп, қаңсыған аңқалары,
Тіршіліктің батады жанға бәрі.
Құмда қалған кемелер –
Тірі аруақ
Арса-арса сидиған қаңқалары.
Бұл – кемелер жағаға шығып қалған
Жиырмасыншы Ғасырдың жаңқалары!