09.03.2022
  214


Автор: Рафаэль Ниязбек

АРАЛ ҚЫЗЫ

Тіршілікті жұмарлап, жұлмалаған
Сұм ажалды кім жақтап,
Кім қалаған?
Тумай жатып бөбегім жер жастанды,
Естімедім үнін де іңгәлаған.
Ерте сөнді жас күнім –
Сеземін мен,
Содан жалын кетпейді өзегімнен.
Неге екенін білмеймін,
Ажал кейде
Келмейтін де сияқты кезегімен.
 Қызық қуып осынау келте күнде,
Ғұмыр кешкен тентек те,
Телпегің де.
Жарқын кезде
Бөпемді жаңа туған
Қара жерге ұзатқам ертеңінде.
Күллі өмірің қасірет, тұрса мұңнан,
Көшіп жүрген нең артық тұл сағымнан?
Тіршілік боп неге, айтшы, бұлқынбайды,
Тірі шыққан нәресте құрсағымнан?
Қашқан бұның жұрт қанша жауабынан?
Не көрмедім таланым,
Талабымнан.
Білетіндер айтады: “Бұның бәрі
Тұзға айналған Аралдың зауалынан”.
Сонда қалай?!
Ардагер, арайлы елім,
Талған жоқ па ұрпақ деп талай белім?
Бір жігітке асыл жар бола тұрып,
Ана болуға хақым жоқ қалай менің?!
Қуаныштан жылаған,
Қалжыраған,
Ана болғым келеді албыраған.
Ұл да сүйгім келеді,
Қыз да сүйгім
Жел тараған тұлымы жалбыраған.
Заманында жарқылдап жалындаған,
Кезім бар ма бөпе үнін сағынбаған?
 Тұзға айналған Аралдың зауалы ма,
Тұз татып тұр ақ сүтім сауылдаған.
Не істеймін?!
Өтем бе бала көрмей,
Мұңымды айтып сыңсиды дала-керней.
Аралыңа ел болып ара түскін,
Өзің ылғи Аралдан ала бермей.
Не істеймін?
Өтем бе бала көрмей?!





Пікір жазу