09.03.2022
  216


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨКЖИЕККЕ ҚЫЗАРЫП КҮН БАТҚАНДА


Жүрегімен күлетін қуанғанда,
Жүрегімен жылайтын қуарғанда.
Ақ әлемге дүние айналатын,
Әппақ нұрмен жанарын суарғанда.
Табиғаттың жырлаған көркін ашып,
Ақын еді танысқан жөн сұрасып.
Іштен жанған жанартау секілденіп,
Көкірегінің ішетін өртін басып.
Тіршілікті ақ, әділ жүйе көрме,
Құлагер де мерт болған киелі елде.
Алатауға сүйеніп тұрушы еді,
Басын бұлтқа Алатау сүйегенде.
 Көрінгенге шығыстан Күн қызарып,
Жанарынан тұратын жұлдыз ағып.
Әрбір таңды сарыла көп күтетін,
Жаратқанның бара ма түні ұзарып?
Көңіліңе табанын жүре сүртіп,
Жүргендер көп тірлікте түлен түртіп.
Сағыныштан сарғайған ақын еді,
Өмірінің жұлдызын кілең күтіп.
Көкжиекке қызарып күн батқанда:
– Бір күн өлді, – дейтін ол күреңітіп.
Қылтыңы көп қоғамда бас қатырған
Ақын туған,
Дос туған,
Қас та туған.
Жалғыз тамшы ақынның көз жасы ма,
Жалғыз тамшы мөлдіреп тасқа тұнған.
Ақша бұлттан ақ шаңқан желкен керіп,
Кеме салған айдынға елден келіп.
Көкжиекке қызарып Күн батқанда,
Жалынына өзінің кетті өртеніп.
Жастық шағы секілді жалын атқан,
Өлеңі – өзен тау-тастан қарғып аққан.
Көкжиекке қызарып Күн батқанда,
Ақын шығар деп тұрам жанып жатқан.





Пікір жазу