ҚАЙРАН АУЫЛ
Көңілінің әйнегі қырауланып,
Ауыл мұңға кірпігін тұр-ау малып.
Мынау жарық әлемнен таба алам ба,
Тоқшылықты іздесем сұрау салып.
Ұмытпаған жан болсам бір Құдайын,
Неге ауылдан алыстап бұлдырайын,
Құйындары тұмсығын жерге қадап,
Шыр көбелек айналған бұрғыдайын.
Көшесінде ауылдың құм суырып,
Көз жасына малшынып тұр жуынып.
Жылан бауыр Жоқшылық жетсе асығып,
Жемеді елде Қайғыны кім қуырып.
Көз алдында буалдыр сағым билеп,
Келе жатыр өлмелі жанын сүйреп.
Әлі күнге пісіріп жеп келеді,
Қайран ауыл Қайғыдан қамыр илеп.
Жұрттың бәрін ұстаған шаңға қамап
Қай басшыны көтерем Арға балап.
Жетім бала сияқты ауыл кейде
Жалаңаяқ жүгірген жар жағалап.
Шырғалаңның көп түскен әуресіне,
Ақша бұлттар – тауының сәлдесі ме?
Қайран ауыл қалтылдап тұр ілініп
Үмітінің жалғыз тал сәулесіне.