09.03.2022
169
ИТТЕРІ КӨП МЕЗГІЛДЕ
Болашаққа жол тартып көсілгенде,
Туған елдің бастағам көшін мен де.
Жетілсін деп ойлаған көк бөрі боп,
Көк бөрі елім тістелеп өсіргенде.
Әділ жолдан уақыт жаңылғанда,
Арман іздеп сарсылған сағымнан да.
Бөлтірік деп ағайын кекетеді,
Бөрілігім жұртыма танылғанда.
Кіріп, шығып хан орда – сарайыма,
Иттер және қаптаған маңайыма.
Таланам деп жалғанда кім ойлаған
Ақ кіргенде шашыма, самайыма.
Ойда жоқта суықтап, тұмауратып,
Қабағыма жүргенде қырау қатып,
Жалғыз бөрі болғасын
Кетеді ылғи
Арпылдаған кілең ит құмға аунатып.
Шыңдалсам да өмірдің көрігінде,
Суық ызғар тұр есіп көңілімде.
Иттері көп мезгілде өмір сүрген
Күні қараң екен-ау бөрінің де.