09.03.2022
  263


Автор: Рафаэль Ниязбек

БІРЕУ КЕШІП БЕЙНЕТІН...

Керегімді өмірден таңдап алып,
Ел ішінде жүрсем де арқаланып,
Ер қадірін кім білсін,
Қарағайлар
Отын болған мезгілде жаңқаланып.
Көк орманда емендер кесілгенде,
Не істесін егілмей есіл пенде.
Кесапатқа кім-кім де кезігеді,
Ғұмыр кешіп жүрген соң кесірлі елде.
Орман сиреп, шірік пен шыбық қалған,
Дауыл тұрса азынап шырықты алған.
Ауыздықпен алысқан асаулар да
Саясаттың қолымен құрықталған.
Күйін кешкен ер қанша футболшының
Тәртіп бұзып, алаңнан шығып қалған.
Көз жасынан бұл жұрттың жер де кеппей,
Бұлақ қанша үзілген елге жетпей.
Бұл кезеңде еленбей еңбек еткен,
Еленеді жүргендер еңбек етпей.
Парламентке пірсізді сайлап алып,
Күйінеміз,
Оңамыз қайда барып?
Жүргендер көп ақылды кісі атанып,
Ақыл-ойын өзгенің пайдаланып.
Құрылмаған бұл өмір жүйеленіп,
Жіп секілді шатысқан шиеленіп.
 Жаңалығын біреудің ойлап тапқан
Жүргендер де жоқ емес иеленіп.
Бітпесе де жоқ-жітік түгенделіп,
Алатауды кетеді кім өңгеріп.
Желтоқсанда боздақтар ажал құшқан,
Тарпаң мінез асаудай жүгенделіп.
Басшы қанша соларды мүлде ұмытқан,
Азаттықтың қызығын жүрген көріп.
Дана жоқта сомдалып дара тұрған,
Сандалмаса игі еді сана қуған.
Біреу кешіп бейнетін,
Ал қызығын
Басқа біреу көретін заман туған.





Пікір жазу