МАХАМБЕТТІ ШАПҚАН ҚЫЛЫШ
Ақиқат барын білсеңіз,
Не істейсің кінә таққанда,
Дауылда туған бір теңіз
Кеудемде тулап жатқанда.
Атырауға – тойға барғанмын,
Көтеріп туын ерліктің.
Мен сонда қайран қалғанмын,
Азғанын көріп елдіктің.
Махаңның ұлы тойына
Екі жүз өлең арнағам.
Кезікпей ердің сойына,
Тірлігін сырттай барлағам.
Тауда өскен қайсар көк шынар
Сөйлесе егер ашынып:
Жырлаған ақын жоқ шығар
Махаңды менен асырып.
Бақ көріп сыйлық, олжаны
Өздері бөліп алғасын,
Таланттың тарлан көкжалы
Сыртқары неге қалмасын.
Байтақ ел байлық қуғасын,
Иманын итке байлаған.
Атадан азып туғасын,
Жын-пері жерін жайлаған.
Нұр шашсын қалай белеске
Тобырдың тозған ажары.
Солардан келді емес пе
Махамбет ердің ажалы.
Құдайын жан көп ұмытқан,
Құдайдан мұнай артқанда.
Мені де солар ұлытқан
Жолбарысым жусап жатқанда.
Жетегіне еріп қылмыстың,
Көңілімді бөздей айырған.
Махаңды шапқан қылыштың
Денеме уы жайылған.
Ұстаспасам да жауығып,
Сызаты кетпес көңілден.
Алматыға қайтқам ауырып,
Түңіліп сұрқай өмірден.
Жанымды асқар тау ұғып,
Шуағын шашып өткенде,
Алты айда әзер сауығып,
Үйіме жеткем көктемде.
Абыройы асқан ұлыстың
Арына тиіп азбағам.
Махамбетті шапқан қылыштың
Зардабынан өле жаздағам.