09.03.2022
358
КҮРКІРЕГЕН КҮН ДАУЫСЫ
Құйылғанда көгімнен нұр сауылдап,
Кім болғаным көңілім тұрса ауырлап.
Бүгінгінің білімді адамдары
Бірін бірі, қайтейін, жүр сауырлап.
Нұр сауылдап көгімнен төгілгенде,
Көріктене түсемін көңілді елде.
Ірілігін көрмедім ірілердің
Кісіліктің іргесі сөгілгенде.
Қай дүңдүктің қараймын қабағына,
Өлең болып өмірім өрілгенде.
Жұлдызым да жанатын шығар, бәлкім,
Жұлдыздардың ішінен көрінгенде.
Арманымның жалынан мықтап ұстап,
Шауып келем өткенге жыр бағыштап.
Алыстаған кемедей жағалаудан
Менен, сірә, көрген бе жұрт алыстап –
Көздерінде найзағай жарқ-жұрқ етіп,
Өлең оқып тұрғанда Күн дауыстап.
Қуат беріп жаныма есті пенде,
Мені жаман демеген ешкім елде.
Жарыса өлең оқығым кеп кетеді,
Күркіреген Күн даусы естілгенде.