09.03.2022
  204


Автор: Рафаэль Ниязбек

МАҢДАЙДЫҢ СОРЫ

Иттер көп те ерге де, елге де үрген,
Бала емеспін желігіп желге мінген.
Көк аспанның болса егер бұлты қалың,
Соры қалың бейбақпын жерде жүрген.
Қай талапты қалып ем орындамай,
Тіршілікте болмады жолым талай.
 Бұлты аспанның тұтасып тұрса егерде,
Арылады маңдайдан сорым қалай?
Түлкі көрсе қызынып тұра қуған,
Кісі бар ма бұл сорды мұра қылған.
Сорым менің бес есе қалың болар
Таулы өлкенің тұтасқан тұманынан.
Үзілсем де үсіген үміттейін,
Жігерімді жасытып үгітпейін.
Сорым қайнап жүргенде
Ойда-жоқта
Дерт жабысты қан сорғыш сүліктейін.
Бір басыма бір бақыт тұрақтамай,
Жақсам – жаққан шығармын шырақ талай.
Сырқатымнан жазылып мен кетермін,
Арыламын сорымнан бірақ қалай?!





Пікір жазу