09.03.2022
175
ҚАЙҒЫМ МЕНІҢ...
Жүрмесем де күн кешіп таңғажайып,
Қатарыңнан бұл күнде қалған да айып.
Кейде киіп үстіме қара киім,
Аза тұтып жүремін қан қарайып.
Сүйрегенде мені алға шынар талап,
Арманымды шабады кім жаңқалап?
Қара киім үстіме киіп жүрем,
Жыр жазбаған күндерім мұң арқалап.
Көңіл күйін күмбірлеп дала шерткен,
Адам аз ба мен құсап жапа шеккен.
Өр көңілім қардан да әппақ әлі,
Түспесе де үстімнен қара шекпен.
Бір азамат болсам да қарағайлы,
Қара шекпен дегенім қара қайғы.
Сәуірлердің сәулесін мол сіңірген
Ер жігіттер қайда жүр жаны арайлы?!
Күлмеді ме сұсты өмір бетін беріп,
Қайғым менің қай жерде жетілді өніп?
Сыпырылып бәрібір түседі ертең,
Қабыршағы жыланның секілденіп.