ӨЛГЕНДЕРДІ ТҮСІМДЕ КӨП КӨРЕМІН
Қалай қуат береді отты өлеңім,
Құлағалы тұрса егер көк терегім.
Ана жаққа жүрмін бе аттанғалы,
Өлгендерді түсімде көп көремін.
Өткізсін, өткізбесін мені өзеннен,
Қызық көрер шағымда неге өшем мен?
Кейде ұйықтап жатқанда
Сығалайды
Өлгендердің кейбірі тереземнен.
Көз жұмса да ғашық па ақынға әлі,
Өлген қыздың бұл қалай шақырғаны?
Қыз боп мені шақырған сайтан шығар,
Көкжиекке күнімді батырғалы.
Ырзығым боп жайқалса еккен егін,
Тіршіліктен мен қалай шектелемін?
Есігімді бір күні қағар менің
Талайлардың түбіне жеткен өлім.
Көсегесі көктей ме көргенді елдің,
Көздерінен мұң кетпей өлгендердің.
Сөзін сөйлеп жүргенде мен де өлермін
Жарық күні жалп етіп сөнгендердің.
Қанша тасқын болса да орғып аққан,
Кім қайтарсын ажалдың оғын атқан.
Кенет шошып оянсам...
Дүрс-дүрс еткен
Жүрегім екен атқақтап соғып жатқан.