БЕС КҮНДІК ӨМІР
Тік қарасаң адамның көзіне аларған,
Қуқыл тартып,
өң-түсі бозара қалған.
Қанды ұрыста ысқырып жебелер кірген
Шұрқ тесік сауыттай тоза ма Жалған.
Жаратпаса отын ғып жаға салатын,
Тағдырменде тарланмын таласа алатын.
Аласартып өмірді үлгерген жоқ па,
Аласаны көп туып аласа қатын.
Ой-сана да аласа,
Аласа арман,
Болашаққа жас бар ма бал аша барған.
Тең-теңімен жүретін заң қабылданып,
Кім аласа өзара жараса қалған.
Өмір деген жөңкілген көкала сағым,
Қайдан табам біреудің жоқ болашағын.
Аласарып барам ба күн өткен сайын,
Іштерінде жүрген соң көп аласаның.
Намыс қайрап намысты шабақтағанда,
Күнім тауға шыға ма Ар аттағанда.
Ызалы өмір кешпес ем жұлдызым жанып,
Иттеріне ит тірлік талатпағанда.
Көк кемеден лақтырып кете баратын,
Мені уақыт кәдеге жаратпағанда.
Кім біледі,
Еліме керек шығармын,
Қалың орман ішінде терек, шынармын.
Арсыз ажал балтасын көздеп сілтесе,
Опырылып омыртқам мен де сынармын.
Бетін дауыл сапырған көлім тыншығар,
Қандай қиын жолда да көлігім шыдар.
Жана-жана қысқарған пілтесі шамның
Менің қалған бес күндік өмірім шығар.