АЖАЛ МЕНІ ЖЕРІМНЕН АЙЫРА АЛМАС
Көз жанарым, қабағым мұңға апталып,
Емханада жатырмын сырқаттанып.
Төсегімде кей-кейде аласұрам,
Қысқы боран секілді бұрқап қалып.
Қырдан басқа қай жерден тұрақ табам,
Табыт мініп жөнелсем қырға аттанып.
Болашаққа бет бұрмай, шұғылаға,
Көшім ауып бара ма құбылаға.
Сайқал егер болмаса қайран өмір,
Қас қағымда мың мәрте құбыла ма.
Ақ шатырын құйын, жел жұлқылаған
Емханада жатырмын тұнжыраған.
Қарапайым жан болсам қара жаяу,
Шауып келіп, халімді кім сұраған?
Тереземнен ақ сәуле сырғанаған
Ару қыз ба жарқ етіп бір қараған?
Күңіреніп күндерім жатыр өтіп,
Көкірегін көк мысық тырмалаған.
Мына қарау қоғамда кім болды екен
Менің өмір жолымды бұрмалаған?!
Жастық шағым булығып шырғалаңда,
Не көрмедім туғалы сұр ғаламда.
Жабысты ма бұл сырқат
Ұры – уақыт
Менің қуат-күшімді ұрлағанда.
Көңілімде бір бұлақ тұнып ағып,
Жатқанымда жанымның қыбы қанып,
Не істеймін, лақтырса ажал мені
Көк жусандай төсектен жұлып алып?!
Асып-саспай жүрсем де кемерімнен,
Жан болдым-ау өлімге шегерілген.
Ажал бірақ жерімнен айыра алмас,
Айырса да боздатып мені елімнен.