09.03.2022
  170


Автор: Рафаэль Ниязбек

МЕНІҢ КҮНІМ ТУАДЫ

Ұста – өмірдің шыңдалған көрігінде
Неге өзгеріс жоқ әлі өмірімде?
Қырсық шалған бұл өмір менікі емес,
Суық үрей ұйытқан көңілінде.
Түссем егер қаңбақтай аттан ұшып,
Жүрсін қалай менімен бақ қауышып.
Кезегімді бергенде,
Нұрлы өмірім
Кете барған секілді жатқа ауысып.
Боз даланы боздатып шиырлаған
Күндер зулап өтуде құйындаған.
Мендей бейбақ жоқ шығар жер бетінде
Өз өмірі өзіне бұйырмаған.
 Өзендеймін ауытқып арнасынан,
Дариясына өзінің құйылмаған.
Ит секілді жүрмейтін арамдамай,
Арандатқан мені де адам талай.
Қырсық шалған өмірі жат біреудің
Ойда жоқта бұйырған маған қалай?!
Тағатымды уақыт тауысқанда,
Не істеймін жанымның тауы ұшқанда?!
Күнім бірақ туады,
Қайта оралып,
Өз өмірім өзіме ауысқанда.





Пікір жазу