Туған күн тойыңа
Өтіп жатыр бір тойың –
Қос жиырма гүл тойың.
Кеуделерде күй толы,
Әзіл-сықақ, күлкі, ойын.
Өз сезімің, өз демің,
Күн шуақты көздерің.
Қайта оралып келгендей
Он сегіз жас кездерің.
Әзілдесіп, сыңқылдап,
Би билейсің былқылдап.
Кереметтей жаралған
Құлын дене тым қымбыт.
Ұялатып жанға арман,
Нәр алғансың таңдардан.
Тұла бойың тік біткен
Құйылғанадай мәрмәрдан.
Жұрт қызыға қарасқан,
Көркің күнмен таласқан.
Сұлулығы тәніңнің
Жаныңменен жарасқан.
Кең жайылған құлашың,
Пейілің де шын асыл.
Жан біткенге жақсылық
Жасасам деп тұрасың.
Паңдығың бар аздаған,
Жүрек отың маздаған.
Сен сияқты жандарға
Қартаюды жазбаған.
Жазғы жасыл бақтардан
Бұлбұлдай күй ақтарған.
Қыз күніңдей қылықты
Жиырма жасың сақталған.
Өзіңменен ілесіп,
Иығыңмен тіресіп,
Айгүл қызың екеуің
Келесіңдер бір өсіп.
Бой жетіпті Айгүлің –
Аспандағы ай, күнің.
Айгүліңнің барында
Жоламайды қайғы-мұң.
Мол жемісті жылдарың,
Алда шығар шыңдарың.
Келешектің кепілі –
Келеді өсіп ұлдарың.
Бойға бақыт дари ма?
Жүрек жырға жари ма?
Жер бетінде өзіңдей
Болмаса егер Арина.
Ақын ғана толығар,
Ақын ғана молығар.
Ал, көріктің көктемдей
Жайнай берер жөні бар.
Жаз күніндей жарқылда,
Наз күлімдей аңқылда.
Жайраң қағып жүре бер
Жиырмадағы қалпыңда.
12.02.1998 ж.