07.03.2022
  79


Автор: Абдрахман Асылбек

Күнім боп тудың

Күнім боп тудың,
Күлімдеп тұрдың,
Өртеді мені от лебің.
Нұрым боп шалқып,
Гүлім боп аңқып,
Құшағын жайды көктемім.
Айым боп қалқып,
Қайың боп балқып,
Жазылды жарқын қабағың.
Көзімді алмай,
Өзіңді барлай,
Қадалып ұзақ қарадым.
Қыратқа бардық,
Бұлаққа бардық,
Ұсынды бұлақ моншағын.
Сезім боп мәңгі,
Есімде қалды
Бақытты, қызық сол шағым.
Жылжыды күндер,
Жылжыды түндер,
Жылжыды алға жылымыз.
Таң атты талай,
Таратты арай,
Жазылған емес жұбымыз.
Әніміз бірге,
Жанымыз бірге,
Әлі біз бірге самғаймыз.
Қыран боп көкте,
Бір ән боп көпке,
Әлемді бірге шарлаймыз.
Махаббат сыры –
Махаббат жыры,
Махаббат гүлі солмайды.
Бақытты күндер,
Бақытты түндер...
Ұмытуға әсте болмайды.





Пікір жазу