04.03.2022
  121


Автор: Абдрахман Асылбек

Қасым қайда, достар-ау, Қасым қайда?

Қасым қайда, достар-ау, Қасым қайда?
Жалындаған жиырма бес жасым қайда?
Тұлпар болып тебініп төске шауып,
Теңіз болып талантым тасынбай ма?
Қасым қайда, достар-ау, Қасым қайда?
Неге менің түседі тасым майда?
Жайлауымда жайқалып жауқазын жыр,
Таң нұрымен тамылжып ашылмай ма?
Қасым қайда, достар-ау, Қасым қайда?
Қасым сынды кешегі асыл қайда?
Бұлақ болып сылдырап сұлу сөздер,
Маржан болып мөлдіреп шашылмай ма?
Қасым кайда, достар-ау, Қасым қайда?
Қасым болсаң, қасың да бас ұрмай ма?
Жақсы жырлар қашанда құдіретті,
Ақын даңқын әлемге асырмай ма?


 





Пікір жазу