Екі түрлі дос
Бір досым бар – құс мамықтан төсегі,
Қызыметі жылдан-жылға өседі.
Көре қалсаң, қара желдей күбінің,
Байлығы мен барын айтып бөседі.
Еңбегімен жібермейтін есені,
Тым жігерлі жігіт еді кешегі.
Енді бүгін ес жоқ, түс жоқ еліріп,
Көкейін тек дүние-мүлік теседі.
Ақшаменен өмірді өлшеп-кеседі,
Қадіріңді шеніңменен шешеді.
Керек емес ақылың меп нақылың,
Түгел оның өзіндік бар есебі.
Болса-дағы оның түгел есебі,
Арта түскен айналдырған кеселі.
Сол досымды соншалықты сорлатқан
Көп туыстың қолпаштауы деседі...
Бір досым бар – қызыл тілдің шешені,
Мәртебесі жылдан жылға өседі.
Көре қалсаң, құрақ ұшып, қуанып,
Таңғы салқын самал болып еседі.
Туған жердің тауы, тасы, кесегі,
Жұпар ауа, желбірегеп шешегі –
Бәрі-бәрі күйге бөлеп көңілін,
Көлін көріп, өзендерін кешеді.
Кең әлемді қиялымен кезеді,
Жан дүниеңді жаныменен сезеді.
Әділ жүріп әділеттік жолымен,
Қиянат пен қиянаттан безеді.
Қатең болса, кынжылады, кешеді,
Қолдан келсе, көпке көмектеседі.
Сол досымды сонша биік самғатқан
Ерге деген ел құрметі деседі...