ТАҒДЫРЫМДЫ КӨРЕМІН
Нарық заман қажырлы қауымды кеп,
Сүйегіне сүйенген ауыл жүдеп.
Жолбарысы жұлқынған ыза-ашудың
Буырқанған теңіздей дауыл тілеп.
Құтырғанда шаң борап, құм суырып,
Етек-жеңін жимасын кім суынып.
Бұл қоғамды кір басып,
Ауылдардың
Көз жасына малшынып тұр жуынып.
Омырауын жауынға, дауылға ашып,
Тірлік етер жұрт қайда қауымдасып?
Көшіп барған қалаға аз емес-ау,
Боз жусанды даладан ауыл қашып.
Азғын барда жылатқан өз анасын,
Неге жаным шоқтанып қоздамасын.
Қалаға ауып ауылдар,
Жұртқа тастап,
Боздатқаны бұл қалай боз даласын?!
Қатер бар ма көгінен төнген күнде,
Құйын қанша суырған өр көңілде.
Соғыс жүріп өткен бе деп қаласың,
Қирап жатқан ауылды көргеніңде.
Азамат ер табылмай Арға қорған,
Менің нұрлы көздерім қанға толған.
Азып-тозған ауылдан жарығы өшіп,
Тағдырымды көремін талқан болған.