04.03.2022
192
КЕШІККЕНДЕ
Қай бақшаға түспедім жас шағымда,
Жүзіп келем мен енді басқа ағында.
Шақырмаған қонағым секілденіп
Сорым шауып жетеді қас қағымда.
Қадалғанда көз алмай жат тесіліп,
Көңілімде бір ашу жатты есіліп.
Сорым ылғи кетеді алдын орап,
Есігімді қаққанда бақ кешігіп.
Талай алтын уақытым желге кеткен,
Күндер қайда семсерін сермеп өткен?
Кейде өзім де кештетіп есік қағам
Көктемдейін кешігіп елге жеткен.
Қырсық шалып, пәлеге кезіккенде,
Өмір сүрген қайғы, азап кешіп пенде.
Бір сұмырай кетеді алдымды орап,
Бастықтарға кіре алмай кешіккенде.