КӨП БЕЙБАҚТЫҢ БІРІМІН БҰЛ КҮНДЕРІ
Күн көгінде тұрғанмен, Ай көгінде,
Кешкен кезім жоқ емес қайғы елімде.
Балалығым
Көбелек қуып жүріп,
Сардаланың қалды екен қай белінде?
Түлкі қуып жүргенде түлкі күнде,
Ақ қайыңның бүр жарған бүртігінде
Жігіт кезім
Мөлтілдеп көз жасындай
Қанша қыздың кетті екен кірпігінде?
Тіршіліктің жүре алмай сай жағында,
Айбарлы елдің күн кештім аймағында.
Күркіреген күндерім жарқ-жұрқ етіп
Жиындардың қалды екен қай залында?!
Жанарыма ақ мұнар мұң қамалып,
Күркіреймін мен кейде бұрқап алып.
Әр жыл сайын жұлынған жапырақтай
Кете барған өмірім жұлмаланып.
Қарыса да мезгілдің суықтары,
Жүзіп келем кемедей тұнықта әлі.
Әр жылдардан жылтырап көрінеді
Өмірімнің шашылған сынықтары.
Биігіне көтерсе асыл арман,
Көңілімде жайқалар жасыл орман.
Көп бейбақтың бірімін бұл күндері
Ойыншықтай өмірін шашып алған.
***
Жүріп келем көз алмай мол нұрлы бақтан,
Өмір – өзен арнасын толтыра аққан.
Тамырларым тартылған сым секілді,
Өн бойында бұлқынып ток жүріп жатқан.
Шамырқансам көзімде от өріледі,
Тасқыннан да жүрегім өте біледі.
Кетсе егерде ток кернеп тамырларды,
Шамадан тыс қызуым көтеріледі.
Тіршілікте бақ қуып шауып келемін,
Елдің жоғын шарқ ұрып тауып беремін.
Әлдекіммен егесіп ұстасқанымда,
Кете ме деп ток соғып қауіптенемін.
Жүрегіне от берген қалғығандардың,
Ток кернеген тамырын алғыр жандардың.
Содан, сірә, жалп етіп түсетіндері
Намысыма тиіскен антұрғандардың!