04.03.2022
  218


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛАСАМЫН ХАЛҚЫМНАН

Жүрегімнен неге көшсін көктемім,
Әлі де алау от демім.
Қайшыласқан әлем ішінде
Алпыс дүркін қуарып,
Алпыс дүркін көктедім.
Жас күнімді менен безіп жөнелген
Жас гүлдердің көздерінен көрем мен.
Көп киіліп етек-жеңі қырқылған
Киімдеймін көнерген.
Кейде бірақ жүк артпақ боп үстіне,
Атан түйе секілдімін шөгерген.
Сөйлеп келген жыр тілде,
Ақынның да шау тартуы мүмкін бе.
Жасымда ылғи лапылдасам от болып,
Оты сөнген жанартаумын бұл күнде.
Өжет едім найзағайдан жай тартқан,
Күндер қанша жүрегіме қайғы артқан.
Кейде өткірмін семсердей
Жаңа шыққан қайрақтан.
Жар жағалап жеткен жаулар секілді
Қатерлі ажал төнеді екен қай жақтан?!
Төнсе егерде қалдырмақ боп көшімнен,
Қайдан көмек бола қайсын көршімнен.
Жанарымнан ағып түскен бір сәуле,
Тағдыр оғы көздегенде көзімнен.
Шыбық тиген көзіне
Секілдімін бұл күнде
Боздап жүрген боз інген.
 Көзден қалды деме бірақ, ағайын,
От ұшқындап тұрғанда өжет сөзімнен.
Жанар отым сөнгенімен шырақтай,
Көкірек көзім ашылған-ды бұлақтай.
“Ел ішінде көзсіз батыр” атанып,
Келем әлі жырдың туын құлатпай.
Ар-намысты қайрап ылғи жыр жазам,
Ауыр қайғы бара жатса шыдатпай.
Тау басына шыға ала ма алқынған,
Мұқалмаймын,
Жаралғанмын жалқыннан.
Тамырымды қуалап,
Аққан емес салқын қан.
Заман талай айныса да жолынан,
Айнып әсте көргенім жоқ салтымнан.
Алла жарылқап,
Алатау боп кетсем де,
Құдай қолдап,
Қаратау боп кетсем де,
Аласамын халқымнан.
***
Есіктері жабылып көңілдердің,
Қиянат, қысастықтың көбін көрдім.
Жұлынымнан үзілген күндер қанша,
Жұлдыз болып жансам деп көгінде елдің.
Үмітім де көп еді, арманым да,
Тіршіліктің қап қойдым шарбағында.
Кім-кімнің де жұлдызы сөнбес еді,
Көк аспанда жұлдыз боп жанғанымда.
 Жер бетінде қаптатып қайғы өсіріп,
Жүрген сұм да жоқ емес Айға өшігіп.
Жұлдызымды жақса егер бір адамдар,
Бір адамдар кетеді қайта өшіріп.
Қараулыққа қидырмай жыр қанатын,
Кездерім де жоқ емес бұрқанатын.
Кейде өзімді, ағайын, шамға ұқсатам,
Көшелерде бір өшіп, бір жанатын.





Пікір жазу