03.03.2022
264
Адам туралы жыр
Сен шын адам екенсің –
Болаттан да бекемсің.
Шындықпенен өрілген
Шетілмейтін шетенсің.
Сен адамсың – алыпсың,
Бар әлемге жарықсың.
Қайтпайтұғын сертінен,
Екі айтпайтын қалыпсың.
Сен адамсың – ұлысың,
Сапалардың нұрысың,
Таңғажайып табысты
Бірісіңнен бір ісің.
Сен адамсың асқарсың,
Жаудың жүзін жасқарсың.
Қалың елді қашанда
Бақытына бастарсың.
Сен адамсың – адалсың,
Ар-ожданың – әміршің.
Көсегеңді көгерткен
Ақыл, кеңес, әділ сын.
Сен адамсың ерек тым,
Келеді елді тең еткің.
Бар адамды бақытқа
Келеді тез кенелткің.
Сен шын адам екенсің –
Болаттан да бекемсің.
Шындықпенен өрілген
Шетілмейтін шетенсің.