03.03.2022
  283


Автор: Абдрахман Асылбек

Ассалаумағалейкум

Ассалаумағалейкум, таныстарым,
Егер таныс болмасақ – танысқаным.
Жұмыр жерде жүрген соң адам болып,
Ақиқат қой түбі бір табыспағым.
Ассалаумағалейкум, туыстарым,
Егер сәлем бермесем – суысқаным.
Өздеріңмен өрекпіп, өрге шауып,
Өздеріңмен топ бастап, ту ұстадым.
Ассалаумағалейкум, ағайындар,
Егер сәлем бермесем – қарайыңдар.
Өздеріңмен көңілім көтеріңкі,
Өздеріңмен салтанат сарайым бар.
Ассалаумағалейкум, жақындарым,
Егер сәлем бермесем – шатылғаным.
Өздеріңмен ақылым арта түсіп,
Өздеріңмен шешен де, ақындамын.
Ассалаумағалейкум, алыстарым,
Сәлем берсем – сендермен танысқаным.
Жұмыр жерде жүрген соң адам болып,
Ақиқат қой түбі бір табыспағым.





Пікір жазу