Насырханға
Ей, Насырхан, Насырхан,
Білуші едім жасыңнан.
Кей күндері бас қосып,
Кетпеуші едім қасыңнан.
Бір жағынан еркек ең,
Қуат-күшін асырған.
Бір жағынан тентек ең,
Сөз ұшырмас басыңнан.
Жасқанатын жас-кәрі,
Сен сөйлеген тасырдан.
Жігіт болып, Насырхан,
Жас желігің басылған.
Оқуыңда озат боп,
Білім жолы ашылған.
Комсомолды басқарып,
Бақыт нұры шашылған.
Өсе келе, Насырхан,
Тарихыңа көз салдың,
Өткен күннен із шалдың.
Әңгімесін тыңдадың
Көпті көрген жүз шалдың.
Шежірені жинақтап,
Өшпейтұғын із салдың.
Бұл жолда сен жалықпай,
Арқаладың ауырды.
Талай жерді шарладың,
Табамын деп бауырды.
Қырғызға да бардың сен,
Асып Алатауыңды.
Өзбекке де бардың сен,
Кезіп ауыл-ауылды.
Елемедің жауынды,
Елемедің дауылды.
Сөйте жүріп таптың сен
Талай туыс-бауырды.
Тамам елге таныттың
Ошақтыдай қауымды.
О, Насырхан, Насырхан,
Құтты болсын жетпісің.
Жетпіс деген жасыңды
Жасамаған көп кісің.
Осы жастың ішінде
Бастан талай өтті сын.
Жамағатқа ақыры
Жарасымды жетті ісің.
Ерен еңбек жасаған
Шынында сен тектісің.
Әлі күнге адуын,
Бойыңда тұр от күшің.
О, Насырхан, Насырхан,
Ошақтыдай асылдан –
Сен-дағы бір асыл жан.
Өтіп жатты бір тойың
Асып-төгіп, шашылған.
Талай туыс-туғаның
Табылды сол сәт қасыңнан.
Көзі жеткен жарандар
Еңбегіңе бас ұрған.
Бақыт құсы кетпесін
Айнала ұшып басыңнан.
Еткен асыл еңбегің
Аса берсін ғасырдан!
24.08.2007 ж.