03.03.2022
196
Жанашырым
Өзіңсің – анашым да жанашырым,
Көзімде күлімдеген қарашығым.
Өмірде не жақсылық жасар болсам,
Бір саған арналады бар асылым.
Кірбелең баспасын деп қабағымды,
Бағасың жаудыраған жанарымды.
Қалтқысыз қадағалап отырасың,
Ішсін деп мезгілімен тамағымды.
Тексеріп киімнің де тазалығын,
Ескеріп күйімнің да мазалығын,
Әр басқан қадамымды қадағалап,
Өзіңе таптырмайсың мазаны бір.
Бойымның артуы үшін қуаттығы,
Ойымның шалқуы үшін шуақтығы,
Түнде де кірпік қақпай бақылайсың,
Уылжып ұйықтасын деп уақтылы.
Тосыннан тұмауратып анда-санда,
Ауырып, төсек тартып қалмасам да,
Белгісіз күйге түсіп, бәйек болып,
Тілейсің саулығымды әрқашан да.
Осы ғой шалқытатын шабытымды,
Осы ғой анықтайтын бағытымды.
Тауып шын өзіңменен бақытымды,
Ән мен жыр жүрегімнен ағытылды.