03.03.2022
150
Сайтандығың санамды шын сыздатты
Сайтандығың санамды шын сыздатты,
Жүрегімді жандырды да мұздатты.
Екеуіміз екі шоқы екенбіз,
Арамызда аттай алмас құз жатты.
Жегідей жеп жаман ойлар жармасты,
Тәтті қиял қызғанышпен алмасты.
Алай-дүлей соғып өткен бір дауыл,
Жалп еткізді от сезімді алғашқы.
Не екенін білмеуші едім сүюдің,
Не екенін білмеуші едім күюдің.
Тамағыма тас тіреліп қалғандай,
Сол түні мен алғаш рет түйілдім.
Сеніменен сәулеленіп көмескім,
Төбесіне көтеріп ең белестің.
Амал қанша, өртеп кеттің оңдырмай,
Бірақ, мендей сүймес енді сені ешкім.