03.03.2022
155
Өлеңде атыңды атап жазбасын
Өлеңде атыңды атап жазбасын,
Айтасың анда-санда аз ғана сын:
«Жатады өзге ақындар өліп-талып,
Сен неге салқынсың?» – деп назданасың.
Шындықты мен несіне жасырамын?
Өзіңсің өмірдегі асыл әнім.
Қасыңнан кейде алыстап кеткенімде,
Құс болып жеткенімше асығамын.
Өзіңмен көңілімді көл деп білем,
Тұрамын сенсіз жерде шөлдеп кілең.
Шалқытқан шалқар шаттық шабытымды,
Өзегі өлеңімнің сен деп білем.
Әрине, ашып айтпай бәрін мұның,
Ішімде бүгіп келем, жарым-гүлім.
Емес пе дарқан көңіл сенің арқаң,
Бұрқырап шығып жатса жалын жырым?