Мұқағали туралы мұңлы өлең
Базарлы бардың ішінде,
Алпамса алып пішінде
Өзіңді көріп, дал болдым:
Өңім бе,
Әлде түсім бе?
«Аман ба, Мұқа?
Аман ба?
Амандық керек әманда:
Амандық керек маған да,
Амандық керек саған да.
Халқыңды сүйіп сыйладың,
Сол үшін жанды қинадың.
Алпамса туған ағам-ау,
Арнаңа, бірақ, сыймадың.
Өрекпіп өрен өлеңмен,
Тасыдың асып кемерден.
Сыю да мүмкін емес-тін
Айрықша алып денеңмен.
Тіліңнен күйді үйірдің,
Тіліңнен мұңлы құйылды үн.
Топтарды көріп талантсыз,
Тастүйін болып түйілдің,
Жұпыны ғана киіндің,
Жақсыға жар боп иілдің.
Жандарды көріп жағымпаз,
Қалшылдап кеттің,
Күйіндің.
Содан соң, содан..
Қап, әттең!
Қатулы қыран қабақпен
Базарлы барға бет бұрдың,
Қумақ боп шерді шараппен.
Шарапқа шырын малындың,
Малындың – дертке шалындың.
Ішкілік үшін бір жұтым
«Иттерге барып жалындың?»
Нажағай сынды бүркіп от,
Жатса да жырың күркіреп,
Өзіңнен төмен жандарға
Жүрдің-ау бір сәт «күлкі боп».
Шарапты кімдер ішпеген?
Қайғыға кімдер түспеген?
Атақты Омар Хайям да
Ақынға шарап іш деген.
Алайда, аңғал етіп іс,
Бұзылды бауыр-бекініс.
Ойыстап кеттің ортадан,
Сол жері ғана өкініш...
Жаттың-ау жанып, жан аға,
Жанығып ауруханада.
Жалғанды кезіп,
Шарқ ұрып,
Жырларың ұшты шағала.
Жырыңды жаттап жүр едік,
Өзіңді жоқтап жүдедік.
Шықса деп тездеп сауығып,
Құдайдан шипа тіледік.
Айығып қайта шығыпсың,
Қуандық, мұңды түріп шын.
Шарапты қоя тұршы, аға,
Бауырың біраз тынықсын.
Ішейін мен-ақ сен үшін,
Осылай болсын келісім.
Қарындас,
Құйып жіберші,
Жұлдызды анау перісін.
Қолымды соза бердім де,
Қаттым да қалдым мен мүлде:
Бардағы сол қыз
Бір сәтке
Елестеп кеткен белгің бе?
Қалдырып кеткен нұрың ба?
Далиған, кеп-кең мұрын да.
Маңдайлы Бақыт* бардағы
Салды еске сені шынында.
Базарлы бардың іші екен,
Жан-жағым толы кісі екен.
Жаңағы көрген,
Жан аға,
Керемет қиял түс екен.
Ағажан,
Аңсап өзіңді,
Алмадым қыздан көзімді...
Қайталап соңғы сөзіңді,
Жүрегім мұңмен езілді.
*Бақыт – Жазушылар одағының барында істеген даяшы қыз.