03.03.2022
  158


Автор: Абдрахман Асылбек

Қарасазда қара өлең

Қазақтың шын маздаған данасы аз ба?
Қазақтың жыр жазбаған баласы аз ба?
Абайдай асылдан соң – ғасырдан соң
Қара өлең туын тікті Қарасазда.
Шалқар той Шалкөдеде енді бүгін,
Естіді алыс-жақын ел дүбірін.
Мұқаңның досы түгіл қастары да,
Әйтеуір, Құдай айдап келді бүгін.
Той дәмін келді қауым татайын деп,
Керемет қызығына батайын деп.
Мұқаңды соның көбі тірісінде
Аяусыз жүруші еді атайын деп.
Бақталас соның көбі «бас ақындар»,
Алшаңдап аяқтарын басатындар.
Мұқаңды көрген кезде анадайдан,
Жүз грамм сұрайды деп қашатындар.
Солардың бүгін құрақ ұшуын-ай,
Құлқынның құрығына түсуін-ай.
Ұмытып бір мезетке той иесін,
Аста-төк ішкілікті ішуін-ай.
Арақ – көл, шарап – теңіз, тасып жатты,
Шампандар ақ қайнарын шашып жатты.
Тірлікте ақын жанын таптағандар,
Жаныштап жайлауын да басып жатты.
Жұлдыз боп Мұқаң сонда жанып тұрды,
Бәрін де келгендердің танып тұрды.
Таршылық тірлігінде еткендерді
Арақпен ағыл-тегіл қарық қылды.
Жұлдыз боп Мұқаң сонда жанып тұрды,
Өлмесін бұл өмірде анық білді.
Тәлкек қып тірлігінде жүргендерге,
Өлеңнің құдіретін таныттырды.
Қазақтың шын маздаған данасы аз ба?
Қазақтың жыр жазбаған баласы аз ба?
Абайдай асылдан соң – ғасырдан соң
Жарқ етті Мұқағали Қарасазда.


 





Пікір жазу