Мәңгілік Мұқағали ақынның атамекені
Аралап туған жердің бәрін көрдім,
Өзен, көл, тау мен тасы, талын көрдім.
Суреттеп беруге ешбір тіл жетпейді,
Тамаша табиғатын Нарынқолдың.
Шын биік Нарынқолдың әр төбесі,
Тым биік қалың елдің мәртебесі.
Тудырып топырағында талантты ақын,
Шалғынға оранады Шалкөдесі.
Мұқаңның әлі есінде нұрлы көктем,
Жұпарлы гүлді көктем, жырлы көктем.
Баспаған мал аяғы Шалкөдені,
Көрген жан Құдайына құлдық еткен.
Ұмытып балғын дәурен балалығын,
Қадаған кеудесіне лала гүлін.
Тербетіп туған жердің топырағы,
Сол кезде-ақ сезінген ол даналығын.
Құдайдың құдіреті күшті қандай!
Найзадай найза шыңдар ұшты қандай!
Шалкөде төріндегі Айқайтасы
Шіреніп тақта отырған сұсты хандай.
Орыны Қарасаздың тегістікте,
Қарасу ағып жатыр еңістікте.
Ақынды ес білгеннен еліктірген
Жайлауы Шалкөденің терістікте.
Қоршаған биік таулар айналасын,
Еріксіз айналасың, байланасың.
Анықтап көрмеп едім бұрын-соңды,
Ақынның атамекен сай-саласын.
Бой түзеп батысында Қарағайлы,
Жайдақ тау одан әрі жағалайды.
Тік тұрған терістікте Айқайтасы
Тәкаппар мінезімен даралайды.
Алтынкен асқақтаған шығысында,
Бір жұмбақ жарасым бар тұрысында.
Бұл қазақ ат қойғанда тек қоймайды,
Алтын-ау қойны толған дұрысында.
Қабанды Алтынкенге жалғасады,
Шынында қабан емес, мал басады.
Қазаны Қарасаздың секілденіп,
Берірек Тұздыкөлмен алмасады.
Тап осы таңғажайып жаратылыс –
Ешқашан қайталанбас дара тұрыс.
Ақ үйдей алпыс қанат жайлау төрі,
Береді ақын жанға жаңа тыныс.
Түстікте Сарыжазға бел асқаны –
Есігін ен дүниеге кең ашқаны.
Таулары Керегетас – керегесі,
Шалқайған шаңырағы – көк аспаны.
Тіреу боп тұрған кезде белін жазып,
Түндігі – төбедегі Темірқазық.
Сан жұлдыз – самаладай жанар оты,
Өрілген өлең болып өмірге азық.
Мұндай сый сыбағасы, сірә, кімнің?
Сұрасаң, тек Тәңірден сұра, құрбым.
Ұлы шың етегінде Хан Тәңгірдей
Тумауы мүмкін емес ұлы ақынның.