03.03.2022
  169


Автор: Абдрахман Асылбек

Ақын ауылында

Жалынды жыр алыбы Жансүгіров,
Жолыңды қуған жанның жан сырын ұқ.
Алыстан аңсап келдім ауылыңа,
Күншуақ көңілімді қамшы қылып.
Алдымнан әдемі бір ән шұбырып,
Әсерлі асқақ әуен сан құбылып,
Әуелден әнге құмар сері қауым
Жіберді өзімді де әнші қылып.
Жастары жарқын жүзді жиылғанда,
Тамаша таң ұзаққа тыйылған ба?
Табанда жүрегімді тіліп өтті,
Қадалып қаламқастар қиылғанда.
Сабадан сары қымыз құйылғанда,
Тамсанып тата бердім – бұйырған да.
Айналдым аруағыңнан, ақын аға,
Алмаған ауылыңнан сыйым бар ма?
Мен қалай ерлеріңмен жолықпайын?
Мен қалай өнеріңді мол ұқпайын?
Даланы дүбірлетіп Құлагерің,
Қарсы алды қобызымен Молықбайың.
Шабыттың шалқарына шомып дәйім,
Тыңдадым тас түйін боп тобықтайын.
Керемет күйлеріңмен қанаттансам,
Қалайша қалжырайын, солықтайын?
Мұндайда ақын, сірә төзеді ме?
Қиялмен кең әлемді кезеді де.
Аралап кете бердім ауылыңды,
От түсіп өлеңіңнен өзегіме.
Қол артып Қаратаудың кезеңіне,
Ақсудың арқа жудым өзеніне.
Ағайын арасында аунап-қунап,
Келгендей болдым дарқан өз еліме.





Пікір жазу