03.03.2022
  128


Автор: Абдрахман Асылбек

Алатаудың алыбы

Атыңнан айналайын,
Атақты Жамбыл едің.
Айдын көл айнадайын
Ағылған ән-жыр едің.
Атыңнан айналайын,
Алатау алыбы едің.
Айдын көл айнадайын,
Жырыңа қанық елің.
Таршылық тар заманда
Тарығып туған едің.
Жалшылық қармағанда,
Жыр жолын қүған едің.
Қорғаған ел тірлігін
Жырладың батырлықты.
Сақтаған ел бірлігін
Жырладың татулықты.
Қаһарлы зор үніңмен
Жаңғыртып бар өңірді,
Қуатты мол жырыңмен
Қарсы алдың жаңа өмірді.
Қайтадан қанаттанды
Ойларың оралымды.
Құлшына мадақтадың
Ордалы Одағыңды.
Елге жау кеп тигенде,
Жапыра жерді көктеп,
Жырларың от тигендей,
Жарылды зеңбірек боп.
Дабылды жылдарыңмен
Рухың көтерілді.
Жалынды жырларыңмен
Жалғадың екі өмірді.
Барынша бөлеп әнге
Ардақты азаматын,
Таныттың кең әлемге
Қадірлі қазақ атын.
Өміршең өлеңдерің
Өткір бір алмас сынды.
Өскелең өрендерің
Жырыңды жалғастырды.
Сәулесін шашып алға,
Жұлдызың жана бермек.
Ғасырдан ғасырларға
Жырларың бара бермек.





Пікір жазу