03.03.2022
  152


Автор: Абдрахман Асылбек

Ей, адамдар

Ей, адамдар, бір-біріңді сыйлаңдар,
Бір-біріңді жамандыққа қимаңдар.
Кейде сатып арыңды,
Кейде жалдап жаныңды,
Не болады бір күндікке жиған мал?
Ей, адамдар, болса құлақ құймаң бар,
Жастайыңнан ілім-білім жинаңдар.
Тану үшін әлемді,
Аралаңдар бар елді –
Америка, Үнді, Қытай, Иран бар.
Ей, адамдар, болса бойда ибаң бар,
Айнымайтын болсын бірге иман бар.
Таңдай білер жолыңды:
Оңың менен солыңды,
Дәл көрсетіп, Алла берген сыйды аңғар.
Ей, адамдар, асығыстық қылмаңдар,
Адасады асығыстық қылғандар.
Арамдық жол – азап жол,
Ақыретте тозақ жол,
Арамдыққа әсте мойын бұрмаңдар.
Зор болмайды күпіршілік қылғандар,
Қор болмайды шүкіршілік қылғандар.
Аз ба, көп пе, өзіңе
Алла берді несібе,
Қанағат қыл, азырқанып тұрмаңдар.
Ей, адамдар, жайнамазын жайғандар,
Жақсы орын күтіп тұрар жайдан бар.
«Алла деген ар болмас,
Ақыретте қор болмас», -
Деген екен үмметіне Пайғамбар.
Ей, адамдар, бір-біріңді сыйлаңдар,
Бір-біріңді жамандыққа қимаңдар.
Тәрк етіп бұл жалғанды,
Танысаң бір Аллаңды,
Мәңгілікке жанып тұрған иман бар.





Пікір жазу