meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  03.03.2022
  523


Автор: Қасым Аманжолов

«Жалғызбын мен,жалғызбын»

Жалғызбын мен,жалғызбын
Сортаңдағы сояудай,
Не бақытты,не сыйды
Бермеді маған бір құдай;
Сұлулықтың жұрнағы
Тек қарақат көз берді.
Жалғыз қыз боп жылаумен
Жанары оның тез сөнді.
Аға,апа,не сіңлі
Дегендерді білмедім,
Жат ортада бойжеттім.
Ешбір жанды сүймедім.
Қайда менің жан жарым?
Қайдасың дос-жарандар?
Олар жоқ...мен жалғызбын,
Болмас менде сүйген жар.
Өтеді күндер
Өтеді күндер,өтеді түндер,
Өтеді жазым зымырап,
Соғады дауыл,солады гүлдер.
Сарғаяды жапырақ.
Ой ұйқыда,жүрегім жым-жырт
Сөнеді көздің жанары;.
Бәрі ұйқыда жатыр ғой мүлгіп,
Тірліктің жоқ еш хабары.
Осынау жарық дүниеде
Бармын ба мен,-білмеймін.
Қаңғалақтап жүрмін бе әлде,
Жыламаймын,күлмеймін.
Сыбағам қайда,сыбағам?
Жоқ па сірә ешқандай?!
Жақсылық менен аясаң,
Жамандық бер,а құдай?!!
Берме ұйқы кезбе жанға,
Жүрегі бос қатпасын,
Ұсап сұрсыз қу томарға
Бұл дүниеде жатпасын.
Берші өмір,бер махаббат,
Жүрекпен сүйсін адамды,
Ол болмаса, етіп талақ
Өртесін мына жалғанды.
Қандай қиын- қаза тапсаң
Тар қапаста,зынданда.
Еркіндікте ұйықтап қалсаң,
Қиынырақ содан да.
Ұйықтап өтсең өміріңде,
Ұйқың ешбір қанбаса,
Тірлігің не,өлгенің не,
Ешбір ізің қалмаса.
Сыбағам қайда,сыбағам?
Жоқ па сірә ешқандай?!
Жақсылық менен аясаң,
Жамандық бер,а құдай!..





Пікір жазу