03.03.2022
  291


Автор: Қасым Аманжолов

БИКЕШ

Шықты бір қыз театрдан,
Мойнында орман түлкі.
Шашын күзеп, қасын қырған,
Ауыз- мұрны толған күлкі.
- Пожалуйста машинаға –
Деді жігіт қолтықтаған.
Қымындасып екеу ара,
Кетті тартып тауға таман...
Басарықтың бер жағында
Бір үй бар-ды онашарақ.
Бар сияқты бір сыр мұнда,
Анадайдан тұрсаң қарап.
Тарс бекіліп терезесі,
Ашылмайтын айында бір.
Жоламайтын күн сәулесі,
Бейне қуыс қаранғы үңгір.
Жапан түзде жалғыз тұрған
Дуананың моласындай.-
Бір сыр ұрлап тұнжыраған
Үйдің сиқы міне осындай...
Шуылдатып ит біткенді,
Түршіктіріп тыныш түнді.
Сазға бояп етек- жеңді,
Ылғи біреу келетін-ді.
Келетін де, үйге кіріп
Отыратын ол айғай сап.
Есіз тамда жын шақырып,
Зікір салған бақсыға үқсап.
Бұл- белгілі Азғынбаев
Дейтұғын бір жігіт еді.
Тегін сұрап не қылайық,
Өз басы да бір ертегі.
Көк қойдың өкпесіндей
Екі беті қабыныңқы.
Бұршақ соққан көктесіндей
Шаш дегенің қиқы жиқы
Жұтқындағы жұдырықтай,
Трубкадай кеңірдегі.
Аршылмаған погрыптай
Қандай сасық шыққан демі...
Азғынбаев келді биыл,
Жетеуіне жиырмағаның.
Ізі де жоқ,жолы түгіл,
Байқап тұрсаң өткен шағын
Өмір деген ұлы теңіз
Кең дүниеде жатқан шалқып.
Теңіз сырын білмесеңіз,
Әкетеді түпке тартып.
Ерінбедік,еңбектеңдік,
Алдық алуан кеме жасап.
Дауыл,апат бәрін жеңдік,
Кемемізді толқынға сап.
Бірақ біздің Азғынбаев
Сап сау басын салды дауға.
Әкесінен қалған қайық
Жатушы еді жағалауда,
Салды суға соны жамап,
Жүрді біраз қалт құлт етіп.
Алға емес,артқа қарап,
Шегірткеше өлеңдетіп.
Теріс жаққа кетті ығып,
Көз аудуны көмкеріліп.
Толқын соғып қалды шығып,
Қайығымен төңкеріліп...
Заманда бір экспресс
Барады алға жүйткіп заулап.
(Бұрынғыдай түйе емес,
Ілбіп басқан шаңдаққа аунап).
Тұрды ол қарап аузын ашып,
Поезд көрген есекке ұсап.
Жылжымады алға басып,-
Қойғандай-ақ біреу тұсап.
Толған өнер,толған білім,
Біріне ол қоймайды ден.
Ескіліктің қалған күлін
Бұрқыратып іздеді жем.
Білім ал деп тұрды мектеп,
Анасындай жайып құшақ.
Кірді күліп,шықты ептеп,
Үйге түскен ұрыға ұсап.
Жалт берді де кетті жытып
Ескіліктің ізіменен.
Аты-жөнін жатты өшіртіп
Талай мектеп тізімінен.
Бітірді рас (« диплом» алды),
Екі-үш айлық бидің курсын.
Фокстрот, танголардың
Білуші еді он шақтысын.
Болып жүрді ресторанның
Үйреншікті «сый қонағы».
Қашан көрсең графиннің
Тасасында отырғаны...
ІІІ бөлімб
Көршімізде болды бір қыз,
Ақша маңдай, алма сағақ.
Әйтеуір бір танысқанбыз
Өте беріп жанасалып.
Махаббаттан айтар үгіт
Болды оның бір сырласы:
«Саған лайық сондай жігіт,-
Болса дейтін машинасы...»
Сондықтан ол көп қарайтын
Өткен- кеткен машинаға.
Бірақ «ГАЗ»-ды ұнатпайтын,
Арман етіп «ЗИС» - ті ғана...
Бітірді де онжылдықты
Қойды жиып оқуды бұл...
Саханадан кеп бір- ақ шықты,
Театға енді биыл.
Кең ғой біздің театрлар,
Аясын ба бір орынды.
Әп-әдемі дауысы бар
Артист болар қыз көрінді.
«Ауызы да, мұрыны да
Жаратылған сахна үшін.
Қарайды ғой жұрт сыртында,
Көре жатыр кейін ішін.
Жас адам ғой талабы зор,
Жүрер, көрер, өсер мұнда!..
Деген оймен бір режиссер
Ала салды театрға.
Өсті бұл тез: барды базар,
Таңдап жүріп алды түлік.
Жағынды кеп, кірді ажар,
Артистка боп шықты ілкі.
Бірақ оны сахнадан біз
Көре алмадық ешқашан да.
Көлбең қағып артисткамыз
Жүретін-ді ылғи залда,
Алда тұрған бос орынға
Отыратын еркін қонып,
Білдіретін өзі осында
Істейтінін артист болып.
«Бис-Бис!» деп-ақ сездіретін
Искусствоны білетінін
Бір шығатын, бір кіретін
Аяғына бермей тыным...
Қырланатын әлсін-әлі
Өзін тым-ақ ұлу санап.
Ойлайтын ол: «жұрттың бәрі
Отыр ғой деп маған қарап».
«Ана рольді, мына рольді
Беріп еді, алмап едім.
Бұзды-ау анау, көрдің бе енді,
Бүйтер ме еді мына жерін...»
Деп қоятын көршісіне,
Ыбыр-жыбыр аузы тынбай.
Көп сенетін өз күшіне,
Ойнай кетсе қыратындай...
Жас адам ғой, жетсінші бір
Өзі ойлаған мақсатына.
Түспесінші көңліне кір,
Тілектеспіз жақсы атын.
Мақсаты не? Біледі өзі,
Бос біткен жоқ бет ажары.
Керек емес жұрттың сөзі,
Алда мұның өз базары...
ІІІ бөлім
Театырда болды бір кеш,
Жиналды жұрт жарқ-жұрқ еткен.
Жүрді сонда әлгі Бикеш
Өзі білер бір ниетпен...
Бір сөзінен бір романның
Сырын саған ұқтырғандай.
Қуанышы ақын жанныңҚыздар жүрді атқан таңдай.
Жігіт жүрді, дидарынан
Жігер оты лапылдаған.
Өнер- білім шалқарынан
Шыққан қанып, жарқылдаған,
Ағайлармен қолтықтасып,
Бойдақтарға көрсетіп қыр.
Кербез күліп, көсем басып
Тілі тәтті жеңгейлер жүр.
Бір асырдың тұлғасындай,
Әзілдесіп шал мен кемпір.
Осы жұрттың құрдасындай,
Қызыл мауыт диванда отыр...
Қылқ еткізіп бір стопка
Буфеттегі бөтелкеден.
Тұрды біреу қарап топқа
Оқшырая ту желкеден.
«не бір әйел, не бір қызбен
(Бәрібір ғой сірә оған!).
Таныссам-ау, би билесем...»
Деп ойлап тұр бағанадан.
Ауып-ақ тұр есі-дерті,
Шұбырып тұр сілекейі.
Бірақ келмейд еш реті,
Батыл бармайд, жоқ үрейі...
Оркестір де ду етті кеп,
Мың құбылтты кларнеттер.
Ортқып ойнап, кетті билеп
Еркін қыздар, жас жігіттер...
Тұрды Бикеш елден ерек,
Қыңыр қарап бишіл топқа.
Жігіттерге тұрды өкпелеп,
Шақырмады деп фокстротқа.
Сәл нәрседен түсті сәті,
Әлгі жігіт келді жетіп.
Білмен қайтып барды дәті,
Қызды кетті дедектетіп...
Би де бітті. Тыншықты жұрт,-
Дауыл өткен дариядай.
Қызымызды әлгі жігіт
Меңгеріпті тіпті оп-оңай.
«жақсы білем сіздің сырттан,
Жүруші едім таныса алмай.
Құмар болып көп уақыттан,
Бір сырласып қаныса алмай.
Хабар естіп біреулерден:
Сізді осында келді деген.
Әдейлеп іздеп келгем,
Зарылдатып машинамен...
IV бөлім
Машина да келді жетіп,
Екпіні үйді сілкіндіріп.
Қос көлеңке көлбең етіп,
Қыз бен жігіт кетті кіріп.
«Пожалуйста, төрлетіңіз,
Пальтонызды мен ілейін.
Қызымет ету міндетіміз,
Туфлиіңізді шөткелейін...
Үйіміз тар, бір-ақ бөлме,
Әрине, бұл сізден ұят.
Айтып едім Совнаркомге,
Бітпей жатыр жилкомбинат»
Деп қутыңдап түлкі жігіт,
Қояр емес қызды еркіне.
Отырды кеп қыз да күліп,
Жасаулы стол бір шетіне.
«...Сонымен сол институттен
Қайтарда алып дипломды.
Баспа орнына беріп кеткем
Суретім мен үш томымды...»
Деп бір қойды желе жортып,
Ойын алдан ойқастатып.
Қыз отырды іштен толқып,
Бір тұңғиық ойға батып:
«институттен алған диплом...
Өн бойының бәрі білім...
Жазған кітап бірнеше том...
Айына алад бірнеше мың...
Өзгесін қой, машинаны айт,
-Алдым,- дейді былтыр сатып.
Қандай қызық етсең «гуляйт»
Асфальттармен зымыратып...
Жалғыз-ақ тар үй тұрған,
Жаңа кепті Москва жақтан.
Береді ғой, сөз жоқ, бұған
Жетінші жилкомбинаттан...»
Осыны ойлап қыз отырды,
Сарт-сұрт етіп жатты есік:
Әлдекімдер үйге кірді,-
Былқ-сылқ етіп иін тіресіп...
Келіп болды «сыйқонақтар»,
Бұйрық күтіп тұрды банкет:
Ас «патшасы» шашқан қаһар
Дәл ортада «Ақмағанбет».
Ойдай келіп қызды думан,
Бісмілләні айтты арақ.
Тиді келіп жан-жағынан
Стол үстін жүндей сабап.
Емес тіпті мұрсат берер,
Шақар бокал етіп шақ-шақ.
Бір жақта бос бөтелкелер
Сыйыса алмай салды шатақ.
Қонақтардың бәрі де мәз,
Басталды сөз анекдоттан.
Ішінде бар не бір «сабаз»
Өтірікті төпей соққан.
Қысылған қөз, шымшылған сан,
Бір-бірінен сыр ұрласқан.
Стол асты-ол бір майдан,
Ақ балтырлар араласқан.
- Кәне, кәне, көтерейік,
Қалдырмаңыз бір тамшысын...
Ақ ішпесе, көк бермейік...
«амал болмас, тек сіз үшін».
‑Алып жібер, қағып жібер!
- ой, молодец! Міне жігіт!
- Құйып жібер, қайда ликер?
Ештеңе етпес, шампаннан жұт...
‑Асықпаңыз, уақыт ерте,
Машинамен зыр еткізем..
- Бас гармоньды желпілдете,
- бикешімді билеткізем...
-Бис-бис! Танго! Бис-бис, фокстрот!
‑Гүлләулә-һә, оһ-аһа...
‑Ал кәнекей! Қолдарың соқ!
- Асса! Асса! Ха- ха- ха-ха!...
V бөлім
Қандай тәтті таңғы ұйқы!
Қаңдай таза таңғы ауа!
Ерінінде ойнап күлкі
Талай қыздар жатыр-ау, ә?
Қыздар үшін еңбек етем,
Әлі отырмын жазып өлең.
Ең болмаса еңдім бе екен,
Біреуінің түсіне мен?..
Түс демекші айтайыншы
Бикешімнің «көрген түсін».
Таң алдында кетті –ау тынышы,
Түсі құрғыр бұзды ұйқысын.
Тілім кесе, тікесінен
Айтар едім... Бірақ... бірақ...
Ұйқыда емес, өңле көрген
Түстің жайы шатағырақ...
Тұрды орнынан шошып Бикеш
Құлан иек атқанда таң.
Не болғанын ұға алмай еш,
Аз отырды болып аң-таң.
Ойы мен-зен айналды бас,
Сырқырайды сай сүйегі...
Кетті ыршып көзінен жас,
Құп-қу болып қашты өңі.
Біраздан соң жиды есін,
Қарады бір жатқан жанға:
Шалды көзі бір шекесінҚызыл жоса батқан қанға.
Жатыр ұйықтап қызыл шеке,
Белгілі ғой мұның сыры.
Бұл шекеге бір өтелке
Тиген еді өткен түні...
Қаусағандай бар өмірі,
Бойы дел-сал, ойы мең-зең.
Әлде өлі, әлде тірі,
Шықты Бикеш сол бір үйден.
Қайран қалып бұл күйіне,
Шошыды ол өз-өзінен.
Бара алмады өз үйіне,
Ұялып өз көшесіне...
VI бөлім
«Дәрі» керек емделуге,
Қалтада жоқ жалғыз тиын.
Үйде жалғыз сенделуде,
Қаусап қапты, соқты қиын...
Бір уақытта, «құдай айдап»
Келді оның шофер досы.
Тағы кетті «алақайлап»,
Көтерісті бұлар тосты...
Кетті досы елтіп, қызып,
Келемін, деп, тағы тауып.
Шыға беріп, тәртіп бұзып,-
Милиционер қойды жауып...
Күн айналып кетті кешке,
Азғынбаев сипап басын.
Әлденелер түсіп еске,
Қарады еңбек книшкасын.
Книшкада ине шаншыр
Жазылмаған жер қалмапты.
Ақтық бетке бір секретарь
Кетпестей ғып крест сапты.
Сол кіресті көзі шалып,
Азғынбаев көп ойлады.
«Бұл кресті салғаны анық
Өміріме» деп ойлады...
Түсті есіне бір кездері
Өзінше бір «дәуірлеген»
Болушы еді нән портфелі,
Жүруші еді машинамен.
Бір ызғарлы началниктің
Болып еді секретары.
Барлық кілті кабинеттің,
Приемныйдың делолары.
Қолында еді бәрі мұның,
Жағымды еді начальникке.
Тілін алғыш иесінің
Ұқсаушы еді ақылды итке.
Болып жүріп начальникке
Күндіз хатшы, түнде малай.
Арақ тасып сан банкетке,
Көрген «қызық» талай-талай.
Мерез шыққан жүрегіне
Начальнигі «ауру» еді.
НКВД лагеріне
Кеткен еді емделгелі.
Содан бері Азғанбаев
Кірді талай мекемеге.
Табылмады іс оған лайық,
Жарамады ештемеге.
Болды хатшы, болды завхоз,
Шыға келді былықтырып.
«Байқайын» деп барды колхоз,
Кете барды қол қусырып.
Таңдады оқу бір күн жатып,
Санап мектеп атаулыны.
Кежегеден кері тартып,
Жылжытпады жалқаулығы.
Не делбеші, не курьер
Болуға бұл арланады.
Ешбір істі қолдан келер
Ойлап-ойлап таба алмай.
Сонда анық сезген еді
Қалғандыған таза махрұм.
Алда нелер кез келеді,
Не болса да күтті ақырын...
Арамызда бұғып жүрген
Бар ғой қулар, не бір жылпос.
Жүре берді жалтарумен
Солармен бұл болды да дос...
VII бөлім
Болды бес күн төсек тартып
Жатулы қыз ертелі‑ кеш.
Махаббатқа ауру сатып
Алды біздің сұлу Бикеш.
Орнынан қойды тұрмай,
Шақыртпады не дәрігер.
Жан ауырса тән ауырмай,
Дәрігер не дәрі берер?
Күлетіндей жұрттың бәрі,
Жатып алды үйден шықпай.
Жақындары, сырластары
Не болғанын қойды ұқпай.
Қиырына қиялының
Жете алмады шолақ ойы!
Көрінді оған жас шағының
Тарқағандай ойын-тойы.
Шықты тысқа бір күні кеш
Көрінбеді көшеде жұрт.
Кете барды мұңды Бикеш
Жамылды да қараңғы ымырт.
Басы ойдан босамады,
Тапты жолын екі аяғы.
Тапты таныс босағаны,
Аттап өткен сол баяғы.
Қақты есікті қолы қалтырап,
«Пожалуйста!» - ашты жайлап.
Азғынбаев қызыңқырап,
Отыр екен тілін шайнап.
«Ә, сайтан қыз, сен бе ең келген?
Хош келіпсің, жоғары шық.
Сені күтіп отыр ем мен,
Сезеді ғой қайран ғашық.
Шеш пальтоңды, шеш галошты,
Лақтыра сал ана жерге.
Сен келген соң көңіл хош-ты,
Әттен жоқ-ау сімірерге.
Ақшаң бар ма, сал ортаға,
Кедей болып қалдым бүгін.
Екеуміз бір оңашада
Желпейікші көңіл кірін.
Ант атқан қыз, қайда жүрсің?
Күте-күте зарықтым мен.
Өзің қандай сүйкімдісің,
Сұлу-ақсың, жаңа ұқтым мен.
Келші бері, келші бері,
Бір қысайын сүбеңізден.
Құшақташы, сүйші мені,
Келмесең де күдер үзбен.
Қашан келер екен деп бұл,
Екі көзі сегіз болды.
Мен аңсаған сырлы бұлбұл
Бақшама кеп өзі қонды»...
Дей бергенде, былш еткізіп
Түкірді қыз бетіне оның.
Түсіне алмай, көзін түзеп,
Азғынбаев күтті соңын.
Бедірейіп тұрды Бикеш,
Отырмады орындыққа.
Тұрды ұзақ тіл қатпай еш,
Суырылды бір уақытта.
- Дәл осы сен кімсің өзің?
Адамбысың, сайтанбысың?
Шын сыналар келді кезің,
Шыныңды сен айтармысың?
Жастық мені алдап соқты,
Алданыппын, сездім енді.
Жас жаныма салдың соққы,
Кегімді алар кезім келді.
Қымбат емес тірлік маған,
Өлгеннен соң ар-ұятын.
Өз ләззәтім болды харам,
Болды харам махаббатым.
Жастық желі жанға толып,
Жеңіл ойлап жүріппін мен.
Мезгіл жетті гүлім солып,
Қуарыппын, қуарыппын мен.
Сендейлердің мыңы тұрмас
Жігіттердің ғашығы едім.
Соларға да имедім бас,
Жүрегімді ап қашып едім.
Онда ойым сәби де еді,
Аяқ басқан апыл-тапыл.
Енді ойласам, жан күйеді,
Қайда болған қайран ақыл!
Алып қашты асау қиял,
Жар іздедім жұрттан артық.
Сен кез келдің... Бар ма амал!
Сөнді қиял босқа шалқып.
Неге ғана айттың жалған?
Неге алдадың айтшы маған?
Әзезіл ме ең сиқырлаған,
Қайдан душар болдым саған?
Жазығым не, жастығым ба?
Сұмдығыңмен неге алдадың?
Білгенің бе, қастығың ба?
Өмірімді арамдадың.
Айтшы, кімсің?-азғыңбысың?
Сеі де ана тапты ма екен?
Жарық дүние бар қылмысын
Саған арқалатты ма екен?...
Айталмады бұдан ары,
Алқымға кеп ыза долы.
Жарқ-жұрқ етті көж жанары,
Оң қалтада ойнап қолы...
- Өзің не деп тұрсың, Бикеш?-
Деп бастады Азғынбаев.
Бос сөзді қой, киімің шеш,
Ақшаң бар ма?- Алғызайық.
Бүлінесің мұнша неге?-
Кеткен жоқ қой ештемең де.
Соған да қыз бүліне ме?!
Қызықтадық мен де, сен де.
Алдадым рас, айттым жалған,
Не күнә бар онда тұрған?
Жалғыз ғана сен бе алданған?
Қыздыр үшін алдау‑ бір заң.
Мен атқардым міндетімді.
Неге алдаңдың,- өзіңнен көр.
Өкпені қой, бұр бетіңді,
Ақылды қыз болсан егер.
Алданарсын әлі талай,-
Опық жеме ол үшін сен.
Қалмайсң ғой бай таба алмай,
Кім сенбейді «қызбын» десең?
Махаббат не ? Бір бос сөз ол,
Ақындар ғой ойлап тапқан.
Қызықтай бер,-айтарым сол,
Күдеріңді үз махаббаттан»...
Деді де ол ашты қүшақ,
Ойлап тағы сұм ниетті.
Қыз қолында сұсты пышақ
Наждағайдай жарқ-жұрқ етті.
«Бол, қарабет» деді де қыз,
Кете берді үйден ытқып.
Бетке түсіп крест айғыз,
Азғынбаев қалды ауытқып...
***
Өтті кетті сол бір жәйіт,
Бұдан он бес жылдар бұрын.
Өмір-өзең кетті шәйіп,
Ескіліктің кір қоқырын.
Сол қоқыспен кетсе керек,
Азған-тозған сол бір сүлде.
Естілмейді еш бір дерек,
Бар ма, жоқ па жер бетінде.
1938-54 ж





Пікір жазу