03.03.2022
  286


Автор: Қасым Аманжолов

БАЛАМ АУЫРҒАНДА

Халім нашар.Кім ұғынар қайғымды...
Көргім келмейд күйзелгенде ай- күнді!
Жалғыз балам, Даримғашым, жалғызым!..
Бір сені ойлап, қайрат қажып майрылды.
Аурухана үйің бе еді сен жатар,
Ата-анаңдай кім бар сені уатар?
Тілің де жоқ, уілдейсің мұңайып,
Жылап жатсың, кім әлпештеп жұбатар?
Көрдім бүгін, көрмеп едім бір айдай,
Кім болғансың? Миым қатты ұға алмай.
Ақ жүзіңде арай таңдай шалқыған,
Сәби нұрың сейіліпті тұмандай.
Тар қапаста жүдеген бір балапан
Сықылданып жатырмың сен, балақан.
Кіп- кішкентай көздерінде кейіс бар,
Талпынбайсың, жаймайсың сен мені,
Өзің де бір едің сәби сергегі.
Көрген жерден кәмпитінді ұсындың,
Білдім аршып, саусақтарың үлбіреп,
Алдың менен, бір сөз айттың уілдеп.
Дәмін алып, бердің маған бір тістеп,
Мәз болдық біз бір кәмпитті бөліп жеп.
Сүйдім келіп, иісіңмен дем алдым,
Жас мейірмен рахаттанып сен қалдың.
Жайлап қана жайнап жүзің, жан бөпем,
Ай, бұрынғы қалпыңа бір келе алдың!
Ойладың ба: «Менен енді кетпес» деп?
Мен де ойлаушы ем не бір кезім өтпес деп.
Кеттім ақыр.Қала бердің тағы да,
Ақ бөпешім, арманымдай елестеп.
От шығады көкірегмнен, ойпырм- ай!
Ауыр соққы тиді басқа оңдырмай.
Қайтсем ғана сақтап қалам өмірін,
Құлынымды құрт ауруға қор қылмай.
Медицина, әлсіз бе едің әлі сен!
Қайдан іздеп табам енді әдіс,ем?
Қандай адам түсінер бұл халімді?
Ащы қайғы уытына зәр ішем.
1948





Пікір жазу