* * *
Дариғашым,Дариғашым!
Қуанышым, балақаным.
Шешең –Сәпен, әкең – Қасым
Жайды саған алақанын.
Құсымыз боп қондың қолға,
Махаббатың бал бөбегі.
Көп күттіріп, келдің зорға
Өмірімнің бар керегі.
Шықты нәзік тұңғыш үнің
Күйіндей боп арманымның.
Қуанышы үй ішінің
Адам болып, - алда тұрдың.
Кіп – кішкентай көзіңді ашып,
Қарадың сен,- көрдің жарық.
Өмірге ендің тайталасып,
Болмай жылап, тыпыр қағып.
Тосып алдық жайып жанды,
Бөледік біз махаббатқа.
Сүйдік қатты, сусын қанды,
Шомды жүрек бір рақатқа.
Бірақ, балам, кешірерсің,
Жасамадым жұртша мен той.
Ер жетерсің, түсінерсің,
- Тойым менің алда, - деп қой.
Ат қойдым мен Дариға білмен.
Ұнар ма бұл? Әзіл білмен.
Сақтамадым ешбір әдеп,
Қоя салдым өз еркіммен.
Дариғашым, ер жетерсің,
Оқырсың бұл өлеңімді.
Келер күндер күле келсін,
Сүйейінші бөбегімді.
1947